«Дешті қыпшақтың ортағасырлық тарихы» атты І Халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті

2017 жылы 13 қыркүйекте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Дешті қыпшақтың ортағасырлық тарихы» атты І Халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.

Конференцияға отандық және әлемнің көптеген елдерінен ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, БАҚ өкілдері, әскери саладағы сарбаздар мен сардарлар, студенттер мен магистрант, докторанттар   қатысты. Олардың ішінде Ресей, Белоруссия,  Грузия, Украина, Қырғызстан, Литва, Мысыр, Сирия, Польша, Италия, Қытай, Әзірбайжан, Дағыстан, Башқұртстан, Қарашай-Черкес, Қырым және Мәскеу, Новосібір, Тобол, Магнитогорск, т.б. өкілдері бар.

Халықаралық жиынды  ҚР ҰҒА академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы ашып, бүгінгі жиынның мән-маңызына тоқталды. ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың ыстық ықыласын жеткізген проректор бүгінгі жиын Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананың жаңғыруы» атты бағдарламалық мақаласынан туындап отырғанын айта келіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Конференцияның мақсаты – Дешті қыпшақтың бай тарихи-мәдени мұрасын зерделеу қажеттілігі, қыпшақтардың әлемдік тарихындағы рөлі мен орнын анықтау, оның ішінде Қазақстан аумағындағы мемлекеттілікті орнату, ұлттың рухани жаңғыруы жағдайында жастарға патриоттық тәрбие беру  аясында осы тақырыпты танымал ету.

Конференцияда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Александр Гаркавец, «Бабалар ізімен» халықаралық экспедиция жетекшісі, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қордың Астана қаласы филиалының Президенті, Халықаралық туризм мен спорт Академиясының Академигі, «Дешті қыпшақ» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сапар Ысқақов сөз сөйлеп, арнайы баяндама жасады.

Сондай-ақ конференцияда сөз алған  РһD докторы Андреа Картени, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы Археология және этнография институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих бойынша философия докторы Азат Зейналов, Тбилиси мемлекттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Звиад Квитциани, Қарашай-Черкас гуманитарлық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы Насипхан Суюнова, Вильнюс университетінің доценті, гуманитарлық ғылым докторы Галина Мишкинене,  т.б. ғалымдар  қыпшақтардың саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихы, олардың ұлттық және әлемдік тарихтағы орны, қыпшақ этникалық қоғамдастығын қалыптастыру, қыпшақтардың басқа ұлт өкілдерімен этникалық және өзара мәдени әрекеттесуі, қыпшақтардың түрлі елдерде болуы туралы тақырыпта баяндамалар жасады.

Конференция барысында Дешті қыпшақ ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сапар Ысқақовтың кітабының тұсауы кесіліп, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының (Рим) директоры Андреа Картени және Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғанмен ғылыми-зерттеу жұмыстарын өзара ынтымақтастықта жүргізу жөніндегі меморандумға қол қойды.

Айта кеткен жөн, қазақстандық саяхатшы Сапар Ысқақовтың жетекшілігімен басталған «Бабалар ізімен» атты ғылыми экспедиция 2017 жылы Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Украина, Молдавия, Словения, Беларусь, Литва, Польша, Германия, Франция, Венгрия, Италия, Рим (Ватикан) елдерінде болған. «Бұл экпедицияның нәтижесі ұлттық мәдениетіміздің сақталуына үн қосып, тарихымызды түгендеп, өркениетімізді танытуға зор ықпал етеді. Ең бастысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау», — дейді әлемді шарлаған жиһанкез Сапар Ысқақов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция өз жұмысын келесі, яғни, 2018 жылы Жапония, Корея, ҚХР, Үндістан, Сирия, Иордания, Палестина, Ливан, Израиль, Түркия, Болгария, Румыния, Македония, Словения, Косово, Хорватия, Албания, Түркменстан және т.б. елдер бойынша жалғастыратын болады.

Тағы бір айта кетер жәйт, «Бабалар ізімен» атты ғылыми экспедиция нәтижесінде отандық телеарналардан жуырда 30-40 сериядан тұратын деректі фильмдер көрсетіле бастайды және бабаларымыздың басқан ізі мен болған жерлері туралы белгілі ғалымдардың сұхбаты да берілмек.

Маңызды шараның жоғары деңгейде өтуіне география ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, ҚР білім беру ісінің үздігі Өрденбек Мазбаев пен  тарих ғылымдарының докторы, ДНК-шежіре жобасының ғылыми жетекшісі; Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ аймақтану кафедрасының доценті Жақсылық Сәбитовтың ерекше атсалысқанын айта кеткен орынды.

Ал бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде басталған жиын  ертең,  14 қыркүйекте «Тілеп Қобыз Сарайында» 13 елдің өкілдерінің қатысуымен өз жалғасын табады. Онда қыпшақ этникалық қауымдастығының қалыптасуы, қыпшақтардың өзге халықтармен этно-мәдени байланысы, өзге елдердегі сәулеттік, мәдени-тарихи мұралар арқылы өткен тарихымызды танытатын тақырыптар қозғалмақ.

http://www.enu.kz/info/zhanalyktar/49830/

Материалмен бөлісіңіз:

Leave a Comment