Тілеп Аспантайұлы атындағы ІІ Халықаралық байқау басталды

Астанада Тілеп Аспантайұлы атындағы ІІ Халықаралық ішек аспапта орындаушылар арасында байқау басталды.

Атақты қобызшы әрі композитор Тілеп Аспантайұлының туылғанына 260 жыл толуына және Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астананың 20 жылдығы  орай ұйымдастырылып отырған халықаралық байқауға әлемнің 15-тен астам елінен 30-ға жуық конкурсанттар келіп отыр.  Олар бірінші кезеңде Тілеп Аспантайұлының бүгінгі күнге дейін жеткен «Бақсы», «Аллам жар», «Толғау» атты үш шығармасының бірін орындауы тиіс. Ал екінші айналымда өз халқының дәстүрлі туындысын таныстырады.

Байқаудың алғашқы күні Елорда төріндегі Тлеп қобыз сарайының алдындағы Тілеп Аспантайұлының мүсіні гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Шараға елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, мәжіліс депутаттары, өнер қайраткерлері және де байқауға қатысушы шетелден келген конкурсанттар қатысты.

Байқауға Еуропа және Азия мемлекеттерінен қатысушылар келген. «Ішекті аспаптар ішінде қобыз күйшілерінің арасындағы байқау елімізде екінші рет болайын деп жатыр. Оған Азия, Еуропа құрлықтарының 15-тен астам елдерінен өнерпаздар келіп отыр», – дейді байқау ұйымдастырушысы, Тілеп Аспантайұлының ұрпағы Сапар Ысқақов.

– Бұл игі шараны өткізудегі басты мақсатымыз қазақтың қара қобызын дүниежүзіне танытып, қазақтың мәдениетін көтеріп, бір сөзбен айтқанда қазақты әлемге таныстыру. Қобыз аспабы шежірелі тарихы бар, көне музыкалық аспап. Моңғолияның Алтай бауырынан VI ғасырда пайда болған қобыз аспабы туралы естіген шығарсыздар. Сол көне музыкалық аспапты «Бабалар ізімен» тарихи экспедициясы барысында Ватикан папасына сыйладық. Сондай-ақ қазақтың Алтайында Берел жерінен жауынгер табылды, оның бір жағында семсер, бір жағында қобыз жатыр. Сол уақытта біздің бабаларымыз жауынгер болған, бірақ қарумен қатар қобызды да қатар ұстаған. Соған қарағанда, түркілер, қыпшақтар, қазақтар қобызды қатты сыйлаған. Бүгінгі халықаралық байқауда шетел өнерпаздарының бағын сынап, шын жүйрікке бәйгесін үлестіретін боламыз. Екінші мәрте ұйымдастырылып отырған шараның қатысушылары да өте көп, және де территориялық аумағы да ұлғайған.

Тілеп аспантайұлы – XVIII ғасырда өмір сүрген, ішекті аспаптардың дамуына үлкен үлес қосқан атақты қобызшы әрі әйгілі композитордың бірі.  Жеңімпаз гала-концертте осы көне аспапта ойнау құқығына ие болады. Бұдан басқа, қатысушылар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.

Айта кету керек, қазылар алқасының қатарында Қазақстаннан Раушан Мұсақожаева, Ресейден Болот Байрышов бар, сонымен қатар Жапониядан, Солтүстік Кавказдан қазылар келіп отыр.

Материалмен бөлісіңіз:

Leave a Comment