Бүгін жиһанкез-саяхатшы Сапар Ысқақовтың туған күні

Бүгін көрнекті қоғам қайраткері, меценат, жиһанкез-саяхатшы, «Құрмет» орденінің иегері Сапар Ысқақұлы Ысқақовтың туған күні. Сапар Ысқақұлы жетпістің жетеуіне толып отыр. 

Сапар Ысқақов – 1941 жылы Қостанай облысы (бұрыңғы Торғай облысы) Амангелді ауылында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Инженер-құрылысшы болып басталған оның еңбек жолы еліміздегі түрлі деңгейдегі құрылыс саласында жалғасып, басшылық қызметтер атқарған. 1991 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып, бизнеске араласқан. 1998 жылы елордаға қоныс аударып, Астана құрылысына өз қолтаңбасын қалдыруды мұрат етті.

«Тілеп» қайырымдылық қорының президенті. 2005, 2006 және 2008 жылдарғы «Алтын Адам» атағының иегері, «Жүзжылдықтың меценаты» (Мәскеу, 2007) Ресейдің – «Держава», Ұлыбританияның «Королева Виктория» атындағы, Швейцарияның халықаралық «Алтын медаль» ордендерін және де Елбасының Құрмет дипломын иеленген.

Сапар Ысқақов «Халықаралық меценат академиясының» және жер шарындағы алты континетте орналасқан жүз сексеннен аса елді аралаған жиһанкез. «Халықаралық туризм және спорт академиясының» академигі. 2007 жылы Оңтүстік полюсті, яғни Антарктидаға, 2008 жылы Солтүстік полюске – Арктикаға Қазақстанның көк туын қадады.  2014 жылы «Astana EXPO-2017» жалауымен 119 күнде жер жүзін лайнермен айналып шықты. 2016 жылы С. Ысқақов «МИГ-29» әскери ұшағымен 22 000 метрге стратосфераға ұшқан. Оның есімі Мәскеудің 850 жылдығы атындағы парктегі «Национальное достояние» гүл-зарына мәңгілікке жазылды.

Сапар Ысқақов қазақ музыкасының әлемге танылуына үлес қосқан қайраткер. Дамаскдегі Әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтанның кесенелерін жөндеуге атсалысқан меценат. Сондай-ақ Сапар Ысқақұлының қолдауымен Лондонда, Токиода, Нью-Йоркте және әлемнің басқа қалаларында қазақ музыкаларынан концерттер ұйымдастырылды.

Сапар Ысқақов «Бабалар ізімен» тарихи ғылыми экспедициясының жетекшісі. Аталған жоба 2016 жылы бастау алған. Экспедиция 2019 жылға дейін бабаларымыз ізін қалдырған Еуропа, Азия, Африка және Америка құрлықтарының 50-ге жуық елдерінде болып, төл тарихымызға тың серпілістер әкелуді көздейді. Ғылыми экспедицияның мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру.

Материалмен бөлісіңіз:

Leave a Comment