«Тілеп Сарықыз» спектаклі көрерменге жол тартты

Астанадағы Жастар театрында режиссер Н.Жақыпбайдың «Тілеп Сарықыз» атты трагедиялық қойылымы сахналанды. Онда қазақ халқының басынан кешкен тарихы, жаугершілік заман, қос ғашықтың қосыла алмай кеткен баянсыз, келте махаббаты суреттеледі.

ХVIII ғасырда өмір сүрген атақты күйші, қоңыр үнді қобыздың құлағында ойнаған Тілеп Аспантайұлының есімі қор қызындай құлпырған Сарықыз сұлумен тікелей байланысты. Киелі қобыз үні табыстырған ғашықтардың бір-біріне деген шынайы сезімі, ыстық ықыласы көрермен жүрегін селт еткізбей қоймайды. Мына жалған дүниенің өткінші екеніне, бәрі де өтер, кетер, тек мәңгілік махаббатың өлмейтініне көз жеткіздіреді. Адам баласына берілген санаулы ғұмырдың мәнін ұғындырады, санаңда жүрген сансыз ойларға жауап іздейді. Шығармада халқымыздың ұлттық салт дәстүрі мен сабақтастығы айқын көрініс тапқан. Сондай ақ, сахнаның сәнін декорациялық тұстары аша түскендей. Қалың ну орман, сыңсыған тоғай, шықылықтаған құстар үні, қобыздың мұңлы дауысы, домбыраның шанағынан төгілген ән сол заманның бейнесін көз алдыңызға әкеледі.  «Кезінде Торғай өңірінде Тілеп деген мықты қобызшы, бақсы болған екен. Бірде соның жетінші ұрпағы астаналық Сапар Ысқақов маған келіп, ұсыныс айтты. Мен театрдың көркемдік жағына қаржылық қолдау жасайын, осы шығарманы қойып көрсеңіздер, деді. Астанадан «Қобыз сарайын» салғызған да осы азамат болатын. Бұдан бұрын бұл шығарма бойынша ағылшындар балет қойған. Ол қойылым Алматыда көрсетілген болатын. Бұл туынды да көңілімізден шығып, халыққа ұсынып отырмыз, − дейді режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.  Айта кетейік, шығарма Н.Айтұлының «Сарықыз» поэмасының желісі бойынша жазылған. Авторы − Сом Жүрек Назар. Қоюшы суретші − Ерлан Тұяқов. Бас кейіпкер Тілепті – Мұхтархан Манап, Тілептің жас кезін – Мейірғат Амангелдин, Сарықызды – Назерке Серікболова сомдап шықты.

Айман Мұқышева,  «Егемен Қазақстан».

Толығырақ: egemen.kz

Материалмен бөлісіңіз:

Leave a Comment